2010 жылы «Эйр Астана» АҚ-ы жаңадан соңғы үлгідегі екі аймақтық әуе кемесін алуды жоспарлауда

АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Өткен жылы еліміздің әуе паркі екі жаңа «Боинг» және үш жаңа «Эйрбас» ұшақтарымен толықты. Бүгінгі таңда Қазақстанда Батыста шығарылған 23 қазіргі заманғы ұшақ бар. Олар авиатасымалдың 85 пайызын атқарады. 2010 жылы «Эйр Астана» АҚ-ы жаңадан соңғы үлгідегі екі аймақтық әуе кемесін алуды жоспарлауда.
None
None
Бұл мәліметті бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Соңғы жылдары әуежайлардың инфрақұрылымы жаңғыртылуда. 2008 жылы 4 жоба іске асырылған. Алматы әуежайының екінші ұшу-қону жолағын салу, Ақтөбе қаласындағы әуежайдың аэровокзал кешенінің қайта жаңартылуы, Қостанайдағы жолаушы терминалын қайта жаңарту, Қарағандыдағы аэровокзалды және ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы Ақтау қаласында әуежайдың жаңа аэровокзалының құрылысы және ұшу-қону жолағының қайта жаңартылуы аяқталады. Бұл жоба концессиялық негізде жүзеге асырылуда. Қызылорда қаласы әуежайын қайта жаңарту жұмысы жалғасуда. Дегенмен министр авиация саласында өзекті мәселелер де бар екенін жасырмады. «2009 жылғы сәуір айында Еуропалық комиссия 6 қазақстандық авиакомпанияны «қара» тізімге қосқан болатын. (Ист Винг, Старлайн кз, АТМА, Кокшетау, Беркут Эйр, Саят Эйр авиакомпаниялары). Оларға қазіргі заманғы техникалық талаптарға сай болмағандықтан Еуроодақтың әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салынды. 2010 жылдың наурыз айынан бастап 47 қазақстандық әуе кемесі (АН-24, ЯК-40, ТУ-134) халықаралық авиация ұйымы ? ИКАО-ның талаптарына сай келмейтіндіктен пайдалануға жіберілмейтін болады. Бұл мәселені шешу мақсатымен министрліктің жанынан «Қазақстандық көліктік лизинг компаниясы» құрылған болатын. 10-15 аймақтық әуе кемесін алуға қажетті инвестиция көлемі 42 млрд. теңгені қажет етеді. Қазір осыған мемлекеттік кепілдік беру мәселесі қарастырылуда. Біз бұл мәселе жыл аяғына дейін шешілуге тиіс деген үміттеміз»,- деді Ә.Құсайынов. Министр авиацияның жұмысын ұйымдастыруда әуежайларда және ұшақтар ішінде жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасын арттыруға байланысты және қазақстандық авиакомпаниялардың қызмет көрсету деңгейін алдыңғы қатарлы еуропалық стандарттарға дейін жақсарту жөніндегі жұмыстары жалғасып жатқанын мәлім етті.
Соңғы жаңалықтар