2010 жылы қазақстандық компаниялардың Гонконг биржасында листинг алуға мүмкіндігі бар - Андрей Кузнецов
АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек - 2010 жылы қазақстандық компаниялардың Гонконг биржасында листинг алуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақстан. Стратегия. Қытайға бағдар ұстау» атты сараптамасымен таныстырған «Тройка Диалог» компаниясының сарапшылары айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Компанияның сарапшысы Андрей Кузнецовтың айтуынша, бұл Қазақстан мен Қытайдың қаржы нарықтарын одан ары жақындата түседі.
«Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан арасында экономикалық байланыс қатты дамып отыр. Соңғы жылдың өзінде-ақ Қытай Қазақстан экономикасындағы инвесторлардың бестігіне кіріп үлгерді. Қазақстан Қытаймен байланыстыратын жаңа мұнай және газ құбырларын, теміржол мен автокөлік жолдарын салуда. Қытайға экспортталатын мұнайдың төрттен бірін жеткізуге мүмкіндік беретін құбыр салынып та қойды. Дағдарыс кезінде Қытай Қазақстанға макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті капитал ұсынып, оның орнына Қазақстанның табиғи ресурсына еркін рұқсатқа ие болды. Осы байланыстың аясында қазақстандық ірі компаниялар Гонконг қор биржасына кіре алады», дейді Андрей Кузнецов. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың экономикалық әріптестігі Қазақстан үшін тәуекел факторы емес.