2010 жылы мемлекет меншігіне 1,1 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды - Ө.Өзбеков
АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2010 жылы мемлекет меншігіне 1,1 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды.
Бұл туралы бүгін Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесу барысында айтты.
2010 жылы пайдаланылмай жатқан аумағы 3 миллион гектар болатын 17 мың жер учаскелері анықталды. 4,9 мың иесіз жер учаскелері, яғни 1,6 миллион гектар арнаулы есепке алынды», - деді ол.
Сонымен қатар агенттік төрағасының атап өтуінше, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбай отырған субъектілерге 17 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, жер пайдаланушыларға жерді өз мақсатында пайдалану туралы 733 жазбаша нұсқама берілген. Сот органдарына 33,5 мың гектар жерді мемлекетке қайтарып алу туралы 51 талап-арыз жіберілген.
«Тексеру нәтижелерімен 2010 жылы мемлекет меншігіне 1,1 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Ал 2009 жылы осындай тексеріс нәтижесінде 505 мың жер учаскесі қайтарылған болатын», - деді Ө.Өзбеков.
Жалпы жер инспекциялары 2010 жылы 6342 тексеріс жүргізіп, заңнаманы бұзушыларға 428 миллион теңге айыппұл салды.