2010 жылы ПМХЗ 4,8 млн. тонна шикі мұнай өңдеді, бұл 2009 жылғы деңгейден 16,4 пайызға жоғары
АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз - қайта өңдеу және маркетинг» АҚ өткен 2010 жылғы қорытындылар бойынша есептік кеңесте кәсіпорынның жоғары өндірістік және экономикалық көрсеткіштері үшін Павлодар мұнайхимия зауыты (ПМХЗ) бас директоры Ш.А.Данбай Қоғамның Алғыс хатымен марапатталды.
Павлодар мұнайхимия зауытының баспасөз қызметі хабарлағандай,ПМХЗ мұнайды өндеу тереңдігін салмағы 80-85 пайызға дейін қамтамасыз ететін технологиялық қондырғыларды жинақтау бойынша Қазақстандағы ірі сала кәсіпорындарының бірі болып табылады. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 7,5 млн. тонна мұнайды құрайды.
2009 жылғы тамыздан бастап зауыт «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының құрамына енді, бұл оның техникалық және әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпал ететін ірі оң факторларының бірі болды.
Қысқа мерзімде зауытқа ресейлік ірі мұнай өндіруші компанияларымен жасалған тікелей шарттар бойынша өңдеуге арналған мұнайдың тұрақты жеткізілімі қамтамасыз етілді.
Шикізатты өңдеу көлемдері мұнай зауыттары жұмысының неғұрлым маңызды нәтижесі болып табылады. Өткен жылы ПМХЗ 4,8 млн. тонна шикі мұнай өңдеді, бұл 2009 жылғы деңгейден (4,1 млн. тонна) 676 мың тоннаға немесе 16,4 пайыз жоғары.
Өндіріс көлемдерін арттыру жоғары қаржы нәтижелеріне қол жеткізуге ықпал етті. 2010 жылғы қорытындылар бойынша кәсіпорын 3,128 млрд. теңге мөлшердегі таза кіріске ие болды, бұл 2009 жылғы деңгейден 7 есе артық.
2010 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға көтерілді.
Зауыт - Павлодар өңірінің ең ірі салық төлеушісі. ПМХЗ салықтық аударымдарының үлесі қала қазынасына түсетін салықтық түсімдердің жалпы сомасының 40 пайызын құрайды. 2010 жылғы салықтық аударымдар мен бюджеттен тыс қорларға жасалатын аударымдардың жалпы сомасы 10,42 млрд. теңгені құрады. Республикалық бюджетке - 2,49 млрд. теңге, жергілікті бюджетке - 7,93 млрд. теңге мөлшерінде салық аударылды. Сонымен қатар, жинақтаушы зейнетақы қорына және әлеуметтік сақтандыру қорына 883 млн. теңге аударылды.
Тиісінше, 2010 жылы 2009 жылмен салыстырғанда өнім өндірісінің көлемі артты. Зауыт Еуро-2 стандартына сәйкес келетін мұнай өнімдерін өндіруге толығымен көшті.
Жоғары октанды бензиндерді өндіру 105 мың тоннаға немесе 12 пайызға (2009 жылы 887 мың тонна, 2010 жылы - 992 мың тонна өндірілді) өсті.
Бұдан әрі өндіріс сұранысы бар сапалы жоғары октанды автомобиль отындарын шығаруға бағытталатын болады.
2010 жылы 1,46 млн. тонна дизель отыны өндірілді, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 126 мың тоннаға немесе 9 пайызға артық.
ПМХЗ ҚР Мұнай және газ министрлігінің кестесіне сәйкес Қазақстан әуежайларын авиакеросинмен қамтамасыз ету бағдарламасын толық орындады, сондай-ақ еліміздің ТЖМ материалдық резерві үшін оның жеткізілуін толық көлемде қамтамасыз етті. Авиаотын өндірісі екі есе артты: егер 2009 жылы ол - 89 мың тонна көлемінде өндірілсе, 2010 жылы - 184 мың тонна өндірілді.
Өндірісті әлем стандарттарына жауап беретін жоғары сапалы мұнай өнімдерін шығаруға бағдарлау қажет. Бұл заманауи технологиялардың енгізілуін, құрал-жабдықты жаңғыртуды талап етеді, өйткені зауыт қондырғылары 30 жылдан астам уақыт пайдаланылуда. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 мамырдағы № 712 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы мұнай өндіруші зауыттарының 2009-2015 жылдарға арналған кешенді даму жоспары ескеріле отырып, Кәсіпорынды техникалық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді. Осы Бағдарламаның шеңберінде «ПМХЗ» АҚ жаңғырту жобасын іске асыру көзделіп отыр. Eni итальяндық компаниясымен бірлесіп зауытты қайта жаңартудың нақты жоспары белгіленді. 2011 жылғы наурыздың соңында зауыт Кәсіпорынды жаңғырту жобасының аяқталған техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) алады. Зауыттың техникалық дамуына тиісті инвестицияны бөлмеген жағдайда осындай нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болмас еді.