2010 жылы пойыздарда 2734 билетсіз жолаушы, заңсыз тасымалданбақ болған 297,6 тонна жүк анықталды
АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2010 жылы пойыздарда 2734 билетсіз жолаушы мен заңсыз тасымалданбақ болған 297,6 тонна жүк анықталды.
Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясынан хабарлады.
Өткен аптаның соңында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да Теміржол көлігіндегі сыбайлас жемқорлықпен және жемқорлық көріністерімен күрес жөніндегі комиссияның және Тәртіптік комиссияның бірлескен отырысы өтті. Аталмыш заңбұзушылықпен күрес бойынша 2010 жылы атқарылған жұмыстар туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның президенті Ақбұлат Жағыпаров, «Әскерилендірілген теміржол күзеті» (ӘТЖК) АҚ-ның вице-президенті Тезек Бекешев, «Локомотив» АҚ-ның вице-президенті Қазезхан Жұматаев және «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы «Магистралды желілер дирекциясының» директоры Қайрат Саурбаев баяндады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның президенті А.Жағыпаровтың айтуынша, билетсіз жолаушылар және ресімделмеген жүктерді алып жүру - тасымалдаушылардың ең басты проблемасы болып табылады. Мәселен, 2010 жылы 2734 билетсіз жолаушы мен заңсыз тасымалданбақ болған 297,6 тонна жүк анықталды. Компания мұндай заң бұзушылықтарды жою үшін пойыз бригадаларының қызметін ұдайы қадағалап отырады. Сол мақсатта ревизорлық аппараттың құрылымын өзгертті. Қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде 2010 жылы «қояндардың» саны оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есеге, ал Қазақстан аумағындағы пойыздарда - 5 есеге дейін азайды.
«ӘТЖК»-ның вице-президенті атап көрсеткендей, 2010 жылы қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке 2009 жылмен салыстырғанда 3 есе көп тартылды. Көрсеткіштің артуының себебі - күзет қызметі мекемесінде қадағалаудың күшейтілуі және жемқорлықтық заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстардың қарқынды жүргізілуі. Онымен бірге, компания біліксіз жұмыскерлер мен басшыларды анықтау мақсатында қызметкерлерді аттестациядан өткізеді.
Ал «Локомотив» АҚ-ның вице-президенті Қ.Жұматаевтың сөзіне қарағанда, «Локомотив» АҚ филиалдарының басшылары мен жұмыскерлері тарапынан локомотив бригадаларынан алым-салық жинау фактілері анықталып, жолдары кесілді. Сондай-ақ дизель отынын ұрлау әрекеттерін анықтау шаралары жасалды. Компанияда 2011 жыл- білім жылы болып жарияланғандықтан, жұмыскерлер арасында «Жемқорлық туралы» ҚР Заңын түсіндіру жұмыстарына жіті көңіл бөлінуде.
Отырыс барысында анықталған жемқорлық әрекеттердің нақты фактілері айтылды. Олар бойынша қызметтік тексерулер жүргізіліп, «ҚТЖ» кінәлілерге жазалау шараларын қолданды. Онымен бірге, қылмыстық әрекеттер бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық істер қозғады.