2011-2012 оқу жылында Астана мектептеріндегі орын тапшылығы 14 382-ні құрап отыр - қала әкімінің орынбасары
ТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 2011-2012 оқу жылында Астана қаласы мектептеріндегі орын тапшылығы 14 382-ні құрады.
Бұл туралы бүгін қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында елорда әкімінің орынбасары Аида Балаева мәлім етті.
А.Балаева атап көрсеткендей, бүгінгі күні Астана қаласында орта білім беретін 82 мектеп жұмыс істейді. Оның 69-ы - мемлекеттік, 13-і - жекеменшік. Мектептердегі орын тапшылығы мен тығыздық проблемасын шешу үшін 2008 жылдан бері үш ауысымдық 9200 орын құрылды. Алайда, миграцияның қарқыны мектептердегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік бермей отыр. Бүгінде бұл сан 14 300-ден асып жығылды.
«Ағымдағы жылдың соңына дейін Ильинка кентінде 1200 орынға арналған мектептің іске қосылуымен №10 және 17-ші мектептер мен №56 мектеп-лицейдегі балалар тығыздығы мәселесі шешілмек. Дегенмен, қаланың халық көп тұратын аудандарында оқушы саны көп мектептер әлі де қалып отыр. Сол себепті 2011-2013 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламаға сәйкес, 2012 жылы жаңадан 7 мектеп пен 6 800 орынға арналған бір ғимаратты жапсыра салу көзделіп отыр. Ал 2013 жылы 15 600 орынға есептелген 13 орта білім беру мекемесі бой көтереді», - деп атап өтті әкімнің орынбасары.
А.Балаеваның сөзіне қарағанда, 2011-2012-ші жаңа оқу жылында Астанада 10 000 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттады. Орта білім беру мекемелері өңірлерден көшіп келген 5 000 оқушымен толықты.