2011-2012 оқу жылында мемлекеттік мектептердің үлесі 98,6 пайызды құрады
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - 2011/2012 оқу жылының басына Қазақстан Республикасында 7706 күндізгі жалпы білім беретін мектептер жұмыс істеді, олардың 7596 немесе 98,6 пайызы мемлекеттік болып табылады.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, 2011 жылы жалпы республика бойынша 65 жаңа мектеп пайдалануға берілді, онын ішінде 56-сы ауылдық елді мекендерде.
Мектептердің жалпы санынан бастауыш мектептердің үлес салмағы 12,5 пайызды, негізгі - 14,8 пайызды, орта - 69,1 пайызды құрады. Бастауыш мектептердің жалпы санынан 95,4 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан, негізгі және орта мектептер бойынша бұл көрсеткіш тиісінше 93,8 пайызды және 70,6 пайызды құрайды. 2011/2012 оқу жылының басына күндізгі жалпы білім беретін мектептердегі оқушылар саны 2522,8 мың адамды құрады, ол өткен оқу жылымен салыстырғанда 0,3 пайызға кем.
Қарастырылып отырған оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде балаларды оқыту 7 тілде жүргізілді: қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік, неміс, және ағылшын.
Қазақстан Республикасында қазақ тілінде (3843) және орыс тілінде (1508) оқытатын мектептер басым (орта және жоғары оқу орындары жанындағы мектептерді, арнайы түзету мектептерін қоспағанда). Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқыту тек қана қазақ тілінде жүретін мектептер саны 15 мектепке өсті (0,4 пайызға). Сонымен қатар 58 мектепте оқыту өзбек тілінде, 14 - ұйғыр, 8 - ағылшын, және 2 - тәжік тілінде жүргізіледі. Сондай-ақ 2163 мектепте оқыту екі немесе одан көп тілдерде жүргізіледі.
Республикада Қазақстан халықтарының тілдерін дамыту үшін жағдайлар жасалған. 2011/12 оқу жылында республика мектептерінде білім беру бағдарламасы аясында, сонымен қоса факультативті және дербес пән ретінде, дұнған (4853 оқушы), түрік (4291), ұйғыр (4076), ағылшын (2054), поляк (728), күрд (463), әзірбайжан (385), корей (228), татар (109) және басқа ұлттық тілдерді оқыту ұйымдастырылды.
2011/2012 оқу жылының басына республикада әр түрлі пәндерді тереңдетіп оқыту мүмкіндігімен 1587 мектеп, одан 287 мектеп - гимназиялық және 64 мектеп лицейлік - сыныптармен жұмыс істеді.
2011/2012 оқу жылында күндізгі жалпы білім беретін мектептердің 67%-ы сабақтарды 2- 3 ауысыммен өткізуде.