2011 жылдан бастап әрбір дәрігердің жалақысы оған тіркелген халықтың санына байланысты тағайындалатын болады - Е.Біртанов

АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2011 жылдан бастап әрбір дәрігердің жалақысы оған тіркелген халықтың санына байланысты тағайындалатын болады. Бұл туралы бүгін Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінен кейін журналистердің сауалына жауап берген Денсаулық сақтау вице-министрі Елжан Біртанов айтты,

2011 жылдан бастап әрбір дәрігердің жалақысы оған тіркелген халықтың санына байланысты тағайындалатын болады - Е.Біртанов

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, үстіміздегі жылғы қаңтардың 1-інен бастап Қазақстанның медициналық мекемелеріне енгізілген Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесіне (ДБҰЖ) сәйкес, әрбір азаматқа емхананы және дәрігерді өз еркімен таңдауға мүмкіндік берілді. Осы ретте, білікті мамандарға қаралуды қалағандардың саны да арта түскені анық. Яғни бұл - аталмыш мамандар емханаға жалпы тіркелген азаматтардың санының басым бөлігіне қызмет көрсетеді деген сөз, ал оның атқарған жұмысы үшін бюджеттен бөлінген қаражат медициналық мекеменің жалпы қызметкерлерінің жалақысын төлеу үшін ортақ қоржынға түседі. Яғни біреудің еңбегімен тапқан ақшасына біреулер «қолдарын жылытады».

Е.Біртановтың айтуынша, ДБҰЖ-дың енгізілуіне байланысты жүктемелері артқан білімді де білікті дәрігерлерді қолдау мақсатында бүгінде, Денсаулық сақтау министрлігінде арнайы технология әзірлену үстінде. Яғни дәрігерге тіркелген әр адамға қаржыландыру нормативі енгізілмек және ол 2011 жылы нақты іске асырылатын болады.

«Мысалға, бір дәрігерге 100 адам тіркелсе, біз оған 100 адамға арналған қаржы бөлетін боламыз. Сондай-ақ 300 адам тіркелсе, сәйкесінше 300 адамның ақшасын бөлеміз. Сонымен бірге, адам басына арналған қаржыландыру нормативінің екінші жүйесі әзірленуде. Ол - дәрігердің өзіне тіркелген учаскеде жүргізген алдын-алу жұмыстарының нәтижесіне байланысты болады. Аурудың алдын алу көрсеткіштері жақсы болса, жалақысына қосымша бонустар төленеді», - деп атап өтті ол.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тек стационарлық медициналық мекемелерді ғана қаржыландырады. Ал келер жылдан бастап ДБҰЖ шеңберінде емханалар да қаржыландыруды республикалық бюджеттен алатын болады.