2011 жылдан бері Қазақстанда оннан астам террористік оқиға орын алып, 21 адам қаза тапты - Прокуратура
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2011 жылдан бері Қазақстанда оннан астам террористік оқиға орын алып, оның салдарынан 21 адам қаза тапты. Соның 17-сі құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлері. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов осылай мәлім етті.
Оның айтуынша, жүзден астам Қазақстан азаматтары шетелді террористік ұйымдардың ықпалында жүргені белгілі болған. «Жасырын емес, осы ұйымдар өздерінің теріс пиғылын Қазақстанға әкеліп таратуға ұмтылуда. Алғашқы кезеңмен салыстырғанда экстремизм мен терроризмге қарсы күрес әлдеқайда күшейді деуге негіз бар. Мәселен, тек былтырдан бері арнайы органдар 9 террористік актінің алдын алды», - дейді Ж. Асанов.
Мәселен, оның сөзіне қарағанда 2014 жылдың сәуірінде Ақтөбеде радикалды діни идеологияны ұстанатын адам қазақстандықтарды Сирияға барып, қарулы әрекеттерге қатысуға үгіттеп, құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасауды жоспарлаған. Соттың үкімімен олар бес жылға сотталды.