2011 жылдың аяғына дейін құрылыс саласында 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
ТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада «2010-2014 жылдары Қазақстан Республикасында құрылыс материалдарын өндіру және құрылыс индустриясын дамыту бағдарламасын» іске асыру барысы талқыланып,
бүгінде осы салада атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі пысықталды.
Осыған орай өткен жиында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Бақберген атап көрсеткендей, бағдарлама қолға алынған бір жарым жылдың ішінде отандық құрылыс саласында 97 млрд. теңгеге 55 жоба жүзеге асырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. «Биылғы жылдың аяғына дейін 43 млрд. теңгеге бағаланып отырған тағы 21 жоба қолға алынып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деген жоспар бар», - дейді Д.Бақберген. Ал «Қазақстанда шығарылған» деген айдары бар құрылыс материалдары әлі де импортқа төтеп бере алмай жатыр. 2008 жылмен салыстырғанда, бүгінде құрылыс саласындағы импорт деңгейі тек бір-ақ пайызға ғана төмендетілді.
Айта кетейік, «2010-2014 жылдары Қазақстан Республикасында құрылыс материалдарын өндіру және құрылыс индустриясын дамыту бағдарламасының» негізгі мақсаты - 4 жылдың ішінде құрылыс нарығының ішкі сұранысты 80 пайызға қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін барынша арттыру.