2011 жылдың қаңтарынан бастап Кеден одағы кеңістігінде көлік құралдары кедендік декларациясының жаңа формасы қолданыла бастайды
МӘСКЕУ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - 2011 жылдың қаңтарынан бастап Кеден одағы кеңістігінде көлік құралдары кедендік декларациясының жаңа формасы және сол декларацияны толтырудың реті туралы нұсқаулық қолданыла бастайды.
Кеден одағы Комиссиясының баспасөз қызметінен хабарлағандай, кеше, қазанның 14-і күні Мәскеуде өткен Кеден одағы Комиссиясының жиырмасыншы мәжілісінің қорытындысы бойынша көлік құралдары кедендік декларациясының жаңа формасы мен оны толтырудың реті туралы Нұсқаулық бекітілді.
«Жаңа форма мен нұсқаулық 2011 жылы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енеді. Оған дейін Халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын уақытша әкелу мен уақытша әкету мақсаттары үшін Кеден одағы елдерінің заңнамаларымен бекітілген құжаттар формасы мен оларды толтырудың нұсқаулықтары қолданыла береді», делінген хабарламада.