2011 жылдың шілде айынан бері Астанадағы неонаталды хирургияны дамыту жөніндегі Үйлестіру орталығында 81 нәрестеге операция жасалды
АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат - 2011 жылдың шілде айынан бері «Ұлттық медициналық холдниг» акционерлік қоғамының аясында Астанада құрылған неонаталды хирургияны дамыту жөніндегі Үйлестіру орталығының базасында 81 нәрестеге операция жасалды.
Бұл туралы бүгін Ана мен бала орталығында неонаталды хирургияны дамыту мәселесіне байланысты өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
«Ұлттық медициналық холдинг» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Тамара Вощенкованың мәліметтерінше,
бұл көрсеткіш 2010 жылдың сәйкес мерзіміндегі деректермен салыстырғанда 2 есеге көп. Ал нәрестелер өлімі 43 пайыздан 29 пайызға дейін кеміді. Яғни өткен жылы үйлестіру орталығының мамандары 13 нәрестені өлім аузынан алып қалған. Жедел түрде операция жасауды әсіресе, жүрегінде ақауымен туылған балалар қажат етеді.
«Осы ретте «Ұлттық медициналық холдинг» акционерлік қоғамы, «Нейрохирургия республикалық ғылым орталығы», «Кардиохирургия ұлттық ғылым орталығы», «Ана мен бала ғылым орталығы» ұжымдарының үйлестірілген жұмысы мен республикалық санитарлық авиация мүмкіндіктері жедел түрде жоғары деңгейдегі мамандандырылған көмек көрсетуге жағдай жасайтындығын айта кету керек»,-дейді Басқарма төрағасының орынбасары.