2011 жылдың жазы салқын және құрғақ болады - синоптиктер
АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2011 жылдың жазы салқын және құрғақ болады. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихаты барысында «Қазгидромет» РМК Гидрометорталығының директоры Баян Сазанова мәлім етті.
«Биылғы жаз - 2010 жылы елдің батысында болған ауа райына ұқсас болады деп ойламаймыз. Осы жазда ауа райы салқын және қуаңшылық болады»,-деп атап көрсетті Б. Сазанова.
Өз кезегінде «Қазгидромет» РМК Агрометеоорталығының басшысы Сәкен Байшоланов, елдегі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған болжамдарды айтып берді. Мамыр айында елдің шығысындағы кейбір жазық далалы аумақтарда, Орталық Қазақстан және Ақмола облыстарында аз шамада ылғал түседі. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақтөбе өңірлері орта ылғалды болады деп болжануда. Қалған аймақтарда қатты қуаңшылық орын алады.
Маусым айында жағдай шамалы өзгеріп, елдің шығысындағы және оңтүстік-шығысындағы таулы жерлерде, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының шектес жерлерінде айтарлықтай ылғал түседі. Бұл айда солтүстік өңірлерде жауын-шашынның көлемі аз болады. Ылғалдылықтың орташа деңгейі республиканың батысында, солтүстік-шығысында және орталығында тіркелеуі ықтимал. Қалған аймақтарда құрғақшылық болады. Шілде айындағы ылғалдың деңгейі осыған ұқсас болып қалмақ.