2011 жылдың желтоқсанында алғашқы отандық жолаушылар вагоны жасап шығарылады - ҚТЖ президенті А. Мәмин
АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмара Әлиакпарова/ - 2011 жылдың желтоқсанында алғашқы отандық жолаушылар вагоны жасап шығарылады. Бұл туралы бүгін «Эксперт-100-Қазақстан» екінші экономикалық форумы барысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Мәмин мәлім етті.
"Әрине, халықты теміржол жолаушылар көлігінің дамуы қызықтырады. Біз 2 жыл бұрын «Тальго» компаниясымен бірлесіп жолаушылар вагондарын құрастыратын зауыт сала бастадық. Келесі жылдың желтоқсан айында алғашқы отандық жолаушылар вагондарының бүтін бір құрамын жасап шығаратын боламыз. Бұл өз кезегінде жолаушыларды аса жоғары жылдамдықпен тасымалдайтын салаға тың серпін береді", - деді А. Мәмин.
ҚТЖ басшысының сөзіне қарағанда, жылдамдығы жоғары жолаушылар көлігінің сапары Қазақстанның ірі өнеркәсіпті өңірлеріне дейін созылып, оның қашықтығы 8 есеге ұзартылады. Мысалы, қазір теміржол көлігімен Астанадан Атырауға дейін 44 сағатта жететін болсақ, болашақта жолға кететін уақыт екі есеге дейін қысқармақ.