2011 жылға қарай Жер ғаламшары халқының саны 7 миллиардтан асуы мүмкін
АСТАНА. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат - 2011 жылға қарай Жер ғаламшары халқының саны 7 миллиардтан асуы мүмкін, олардың басым бөлігі дамушы және кедей елдерде тұратын болады.
Бұл туралы Population Reference Bureau зерттеу ұйымының баяндамасында жария етіліп отыр, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Алдағы 40 жылда халық санының 97 пайыз өсімі Азия, Африка, Латын Америкасы және Кариб алабында байқалады. Баяндама авторларының бірі Карл Хаубтың айтуынша, жастардың ең көп саны қазіргі уақытта Африка және Азия елдерінде тұрып жатыр: әлемдегі 10 жасөспірімнің 8-і аталған елдердің тұрғындары екен.
Ал дамыған елдердің ішінде халық санының ең көп өсімі АҚШ пен Канадада байқалатын болады. Халық саны, бір жағынан, иммиграция есебінен, екінші жағынан - халықтың табиғи өсімінің есебінен көбеймек. Ғалымдар сондай-ақ, 2050 жылға қарай Үндістанда 1,7 миллиард халық тұратын болады және Қытайды ығыстырып, халық тығыз орналасқан елдердің ішінде бірінші орынға шығады, деп болжап отыр. Ал АҚШ-та 439 миллионға жуық адам тұратын болады, деп хабарлайды CNN телекомпаниясы.