2011 жылғы Азия ойындарында қызмет көрсетумен 2,5 мың ерікті айналысады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конференция барысында Азия ойындарында қызмет көрсету үшін еріктілерді жинау, арнайы ақпарат тарату, оларды оқыту мәселелері сөз болды. Алматы әкімдігіне қарасты «2011 жылғы Азия ойындары дирекциясы» МКК директоры Сұлтанмахмұт Шоқпытовтың айтуынша, Азия ойындарының сәтті өтуіне еріктілердің көмегі ауадай қажет. «Еріктілердің көмегі қайтарымсыз, өз еркімен жүзеге асырылады. Азия ойындарында қызмет көрсету үшін 2,5 мың ерікті жинауды көздеп отырмыз. Оларды жинау дирекция арқылы жүзеге асырылады. Еріктілердің барлығы шет елдік мамандардың қатыстырылуымен арнайы курстардан өткізіледі» дейді С.Шоқпытов.
«Еріктілер еліміздің өкілдері ретінде 2011 жылы Азия ойындарын көруге келгендердің елімізде жақсы сезінуі үшін, еліміз туралы жақсы көзқарас қалуы үшін тек жақсы қызмет көрсетуі тиіс» дейді Алматы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов. Оның айтуынша, Азия ойындарын Қазақстан тек медаль алу үшін емес, Қазақстанды, жақсы жағымызды, біздің қандай екенімізді көрсету үшін де қажет. «Қазақстанның ақпараттық кеңістігі өте үлкен емес, сондықтан спорт арқылы да біз өзімізді көрсетуіміз керек», деді С.Сейдуманов.