2011 жылғы бірінші тоқсанда ауыл шаруашылығы өніміне баға 9,7 пайызға өсті - Статистика
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - 2011 жылғы бірінші тоқсанда өткізілген ауыл шаруашылығы өніміне баға 9,7 пайызға өсті, деп хабарлады ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен.
Ведомствоның атап өтуінше, ағымдағы жылғы наурызда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы құрылымдары өткізген өсімдік шаруашылығы өнімі 11,1, мал шаруашылығы өнімі 7,6 пайызға өсті.
Қырыққабат - 24,1, картоп - 17,4, асханалық қызылша - 13,2, сәбіз - 7,1, пияз 6,7 пайызға қымбаттады. Баға өсімі күнбағыс тұқымына 7,5, бұршаққа 2,1 пайызды құрады.
Ағымдағы жылғы қаңтар-наурызда баға бидайға -12,4, сұлыға - 9,4, арпаға - 9,3, қарақұмыққа - 4,4, қара бидайға - 4,2, жүгеріге - 2,3, күрішке 2,2 пайызға өсті.
Баға шикі сүтке - 14,6, жұмыртқаға 0,2 пайызға қымбаттады. Ірі қара мал еті - 9,3, қой еті - 8,6, жылқы еті - 4,1, құс еті - 3,5, шошқа еті 1,3 пайызға артты. Баға өсімі балға - 3,9, жүнге 1,2 пайызды құрады.