2011 жылғы маусымда Қазақстанда 56 106 жеңіл автокөлік тіркеуден өтті - Ә.Смайлов
ТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 2011 жылғы маусымда республикада 56 106 жеңіл автокөлік тіркеуден өтті. Бұл туралы бүгін өткен брифингіде ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
Ә.Смайылов анықтап бергендей, бұл сандарға елге сырттан жаңадан әкелінген және ішкі нарықта сатып алынып, тіркелген көліктер кіреді.
«Ағымдағы жылдың маусым айында елде 56 106 жеңіл автокөлік тіркеуден өтті. Бұл өткен жылдың сәйкес айына қарағанда 23 пайызға жоғары. 2011 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша жеңіл көліктің барлық саны 3 миллион 350 мың бірлікті құрайды», - деп атап өтті ол.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, маусымда темір тұлпарлар Алматы қаласында ең көп тіркелген. Олардың саны 8 310-ды құрайды. Одан кейінгі орында Астана қаласы (6 189 бірлік), Оңтүстік Қазақстан облысы (5 911), Алматы облысы (5 666), Шығыс Қазақстан облысы (4 405) тұр.
Таратылған мәліметтер бойынша қазақстандықтар шығу жылы жаңа машиналарға ауыса бастағанын көрсетіп отыр. Егер 2010 жылдың маусым айында тіркелген 45 592 көліктің 35 541-і қолданылғанына 10 жылдан асқан көліктерді құраса, биылғы маусымда ресімделген 56 106 көліктің арасында осы мерзімдегі темір тұлпарлар саны 29 273 бірлік. Сонымен бірге, қолданылғанына 3 жылдан асқан, бірақ 7 жылдан кем уақыт жүрген көліктердің саны - 12 204 (2010 жылы - 4 342), 7 жылдан асқан бірақ 10 жылдан кем көліктердің саны - 9 992 (3 082), 3 жылдан кем уақыт жүрген көліктердің саны - 4 668 (2 553) болды.