2011 жылғы республикалық бюджеттен зейнетақыны көтеруге 196 млрд. теңге көзделіп отыр - Г. Әбдіхалықова
АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылғы республикалық бюджеттен зейнетақыны көтеруге 196 млрд. теңге көзделіп отыр.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.
«Атап айтқанда, келесі жылдан бастап республикалық бюджеттен базалық зейнетақыны көтеруге 46 млрд. теңге, барлық санаттағы зейнетақыны көтеруге 149 млрд. теңге қарастырылған. Бұлардың барлығы 196 млрд. теңгені құрап отыр», - деді Гүлшара Әбдіхалықова.
Министрдің келтірген мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі күні республикамызда 1 млн. 650 мыңға жуық зейнеткер бар. Олардың ішінде 500 мыңға тарта зейнеткер ең төменгі зейнетақы және одан сәл ғана жоғары зейнетақы алады. Ал орташа зейнетақы алатындар саны 500 мыңға жуық. Ал ең жоғары зейнетақыны 90 мың ғана адам алады. Зейнеткерлердің 20 пайызы Кеңес одағы уақытында зейнетке шыққандар болса, қалғаны 1990 жылдан бастап зейнетақы алып келе жатыр екен.