2011 жылы Алматыда мәселесі шешілмеген 3376 үлескер ғана болады - қала әкімінің орынбасары
АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 2007 жылдың қыркүйегінде 16 200 үлескері бар 132 тұрғын үй кешені болды. Қазіргі таңда 10 636 үлескердің мәселесі шешілді. Бұл туралы бүгін қалалық әкімдікте өткен "Мемлекеттік тапсырыс-2011" акциясы кезінде айтылды.
"Мемлекеттің қаржылай қолдауымен "Самұрық-Қазына" қоры желісі арқылы 2452 үлескері бар 11 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Стресті активтер қоры желісі арқылы 2 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Онда 405 үлескер баспаналы болды. 2010 жылы бекітілген жоспар бойынша 4625 үлескері бар 15 тұрғын үй кешені құрылысы аяқталады", -деді қала әкімінің орынбасары Виктор Долженков.
Оның айтуынша, алдағы жылы Алматыда мәселесі шешілмеген 3376 үлескер қалады. "Самұрық-Қазына" қоры желісі арқылы жалға берілетін баспана бойынша, "Бес тұлға", "Оскар", "Жайлы-3", "Эталон" тұрғын үй кешендері салынуда.