2011 жылы Астанада 33 балабақша іске қосылып, 5 орта мектептің құрылысы басталады - қала әкімі

ТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 2011 жылы Астанада түрлі типтегі 33 мектепке дейінгі мекеме іске қосылып, 5 орта мектептің құрылысы басталады.

2011 жылы Астанада 33 балабақша іске қосылып, 5 орта мектептің құрылысы басталады - қала әкімі

Бұл туралы бүгін білім саласы қызметкерлерінің тамыз мәслихатында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

Елорда басшысы атап көрсеткендей, 2011 жылы Астана қаласының білім саласына жалпы 16 млрд. 074 млн. теңге бөлінді. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда екі есеге көп (7 млрд. 853 млн. теңге).

«2011 жылы түрлі типтегі 33 мектепке дейінгі мекеме іске қосылады. Сол арқылы, бүгінгі таңда балабақшамен қамтылып отырғандарға тағы 9 095 орын қосылады», - деп атап өтті әкім.

Айта кетейік, бүгін Астана қаласында 49 мың балдырған балабақша кезегінде тұр, олардың 18 525-і -балабақшаны шұғыл қажет ететіндер.

«Сондай-ақ, 2011 жылы Астанада оқушылардың орын тапшылығын 18 мыңнан 12 мыңға дейін қысқарттық. Тек өткен жылдың өзінде 5 мыңға жуық жаңа оқушы орны құрылды. 2 мектеп пайдалануға берілді және тағы бір білім мекемесінің құрылысы аяқталды. Ал биыл біз тағы 5 мектептің құрылысын бастаймыз», - деді Тасмағамбетов.

Сонымен бірге, биыл қала әкімдігі жөндеуді қажет ететін 26 мектептің 11-інің ауласына жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл мақсатқа бюджеттен 600 млн. теңге қаражат жұмсалды. Жабдықталу жағынан, бүгін елорданың барлық орта білім беретін мектебі интернетке қосылған, физика, биология, мультимедиалық кабинеттер, электронды кітапханалар және тағы басқалары толығымен жаңартылды.