2011 жылы білім саласы қызметкерлерінің үстінен жемқорлық фактілері бойынша 105 қылмыстық іс қозғалды - ҚР БҒМ
Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомствоның жауапты хатшысы Болат Әбдірәсілов мәлім етті.
Б.Әбдірәсілов атап көрсеткендей, білім саласында жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде сала қызметкерлерінің қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершіліктерге тартылу үрдісі азайып келеді.
«Атап айтқанда, Құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің мәліметтері бойынша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес, Қазақстанда тәртіптік жауапкершілікке тартылған мектепке дейінгі, орта және арнайы-техникалық білім беру саласы қызметкерлерінің саны 2009 жылы - 667, 2010 жылы - 900 және 2011 жылдың 9 айы ішінде - 524-ті құрады. Жақсару динамикасы сондай-ақ қылмыстық істер бойынша да байқалуда. Мәселен, сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 2009 жылы 254 қылмыстық іс қозғалып, 97 адам сотталды. 2010 жылы 214 қылмыстық іс бойынша 119 қызметкер темір тордың ар жағына тоғытылды. Ал ағымдағы жылдың 9 айы ішінде қозғалған 105 іс бойынша 57 адамға айыптау үкімі шықты», - деді ол.
Жауапты хатшының айтуынша, аталған жемқорлық қылмыстардың 53 пайызын - сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін талан-тараж ету, 17 пайызын - лауазымды қызметін асыра пайдалану, 13 пайызын - қызметтік жалғандық, 12 пайызын пара алу және арада делдал болу фактілері құрап отыр.
Сондай-ақ мәлім болғандай, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында сотты болған білім саласы қызметкерлерінің саны артып келеді. 2011 жыл ішінде қылмыстық жауапкершілікке ең көп тартылған өңірлер - Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстары. «Онымен бірге, Ақмола мен Қостанай облыстарында соңғы екі жылда білім беру қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ», - деп нақтылады Б.Әбдірәсілов.
Ал жемқорлық құқыбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың статистикасы онша қуантарлық емес. Мәселен, 2009 жылы әкімшілік жауапкершілікке білім беру саласының 30 қызметкері тартылды, 2010 жылы бұл көрсеткіш 7-ге дейін азайса, 2011 жылдың 9 айында 23-ке артты.
«2011 жылы әкімшілік құқықбұзушылықтардың өсімі ең көп тіркелген аймақтар - Батыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары», - нақтылады ведомство өкілі.