2011 жылы экономиканың өсімі 5 пайыз деңгейінде болады деп бағаланып отыр - Ж.Айтжанова
АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2011 жылы экономиканың өсімі 5 пайыз деңгейінде болады деп бағаланып отыр.
Бұл туралы бүгін 2011 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын нақтылау туралы Үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.
«Ағымдағы жыл басынан байқалған экономика салаларының даму серпінін және күтіліп отырған сыртқы ахуалды ескере отырып, 2011 жылы экономиканың өсуі 5 пайыз деңгейінде болады деп бағаланып отыр. Бұл өткен жылдың (3,1 пайыз) болжамынан 1,9 пайыздық тармаққа жоғары. Номинальды мәніндегі ішкі жалпы өнімнің болжамы 2 567, 6 млрд. теңгеге ұлғаюы жағына қарай түзетілді»,-деп атап өтті министр.
Ж. Айтжанованың сөзіне қарағанда, баға ауытқуын ескере отырып, мұнайдың 2011 жылғы орташа әлемдік бағасы 1 барреліне 65 АҚШ доллары деңгейінде сақталады. Сондай-ақ 2010 жылмен салыстырғанда әлемдік нарықтарда ауыл шаруашылығы өнімдері мен металға белгіленген баға орташа жылдық мәннен жоғары деңгейде болады деп күтіліп отыр.