21:15, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
2011 жылы елімізде өткізілетін Азиада ойындарына қазынадан қарастырылған қаржы түзетулерге ұшырамайды - Премьер-Министр
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2011 жылы Алматы мен Астана қалаларында өтетін VII қысқы Азия ойындарына қазынадан қарастырылған қаржы толық бөлінетін болады. Азиадамен баланысты мәселелер қандай да бір түзетулерге ұшырамайды.
Туризм және спорт министрлігінің бүгін өткен алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Үкімет басшысы Қазақстан Азиаданы өткізу туралы халықаралық міндеттеме алғанын және орындайтынын атап көрсетті. «Бұл біздің мойнымызға алған міндетемеміз, біздің елдің халықаралық беделі бар, сондықтан Азиада өткізілетін болады. Осы шараға арналған барлық нысандардың құрылысы дер кезінде аяқталуы тиіс», деді Үкімет басшысы. «Сіздің міндет министрлік арқылы өтетін ресурстарды дұрыс пайдалану және Алматы мен Астана қалаларының әкімдіктері трансферт түрінде берілген қаржыны бақылау», деді Үкімет басшысы министр Темірхан Досмұхамбетовке қаратып айтқан сөзінде. «Дағдарыс әйтеуір бір бітеді. Перспективада олимпиадалық ойындардың бірін Қазақстанда өткізу жөнінде Мемлекет басшысы қойған міндет күн тәртібінен түспейді. Азиада ойындары соған дайындық мәселесі», деп нақтылады сөзін К. Мәсімов. Үкімет басшысы сонымен бірге министрлікке Азиада ойындары аяқталғаннан кейін нысандарды қалай пайдалану қажеттігіне қазірден бастап назар аударуды жүктеді. «Азиада аяқталғаннан кейін ол нысандар тұрып қалмауы тиіс. Келешекте оларды коммерциялық мақсатта пайдалану үшін осындай шараларды өткізген Бейжіңнің және басқа да елдердің жинақтаған тәжірибесін зерттеңіздер», деді К. Мәсімов. Алқада баяндама жасаған Т. Досмұхамбетов перспективада жалғыз министрлік емес, тұтастай мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі ? Азиада ойындарын лайықты деңгейде өткізу екендігін айтты. «Азия ойындарының өткізілуі құрлықтағы Қазақстан имиджіне ықпал жасайды және еліміздегі қысқы спорт түрлерінің инфрақұрылымын дамытуға, бізге туристердің ағылуына ықпал жасайды», деді министр