2011 жылы елордада 17 жаңа балабақша пайдалануға беріледі - И. Тасмағамбетов

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2011 жылы елордада 17 жаңа балабақша пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін журналистерге Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, былтыр Астанада жалпы 14 мың балаға арналған 50 балабақша іске қосылған. Оған дейін қалада жалпы саны 12 мыңға тарта баланы қабылдайтын 38 балабақша болғандығын ескерсек, бұл елордалықтар үшін біршама үлкен игілік.

«Бүгінгі күні қалада 25 мың бала балабақшаға орналастырылған. Биылғы жоспарды алатын болсақ, 17 балабақша тапсырамыз деп отырмыз. Алдымызға қойып отырған мақсатымыздың бірі - екі-үш жыл ішінде Астанада балабақша мәселесін толықтай шешу»,-дейді қала әкімі.

Қазіргі уақытта, қала басшысының атап өткеніндей, Астанада 14 мың балаға балабақша орны жетіспейді. «Өздеріңіз түсінесіздер, балабақшалармен 100 пайызға қамту ешқандай жерде жоқ. Ал егер біз 90 пайыздық қамтуды жасай алсақ, осының өзі бір төбе болар еді»,-деп атап көрсетті ол.

И. Тасмағамбетовтың айтуынша, жеке меншік балабақшаларды салуға қатысты да әкімдік тарапынан ешбір тосқауыл қойылмайды. Қайта олардың қызметі құпталып жатыр. «Біздің мақсатымыз - қаладағы мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қамтамасыз ету деңгейін сұраныс көлемімен сәйкестендіру»,-деді И. Тасмағамбетов.

Соңғы жаңалықтар
Референдум