2011 жылы қаңтардың 1-інен бастап бала асырап алушыларға 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленбек

АЛМАТЫ. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Үкімет тарапынан 2011 жылы қаңтардың 1-інен бастап өз жанұяларында жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды тәрбиесіне алған барлық қамқоршылар мен қорғаншыларға балаларды асырауға 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленеді.

2011 жылы қаңтардың 1-інен бастап  бала асырап алушыларға 10 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленбек

Бұл жайында бүгін Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау департаментінің мониторинг және ақпараттық-талдау қызметі бөлімінің бастығы Зина Ищенова арнайы өткен баспасөз мәслихаты барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

З.Ищенованың айтуынша, Қазақстанда 42 мың жетім бала бар. Оның 25 мыңы қамқоршы жанұяларында тәрбиеленуде, ал 15 мыңы әлеуметтік мекемелерде, қалған 2 мыңы патронаттық тәрбиеде. "Үкімет тарапынан көрсетілетін бұл көмек жетім қалған сәбилердің балалар үйінде емес, туған-туыс немесе басқада да қамқоршы жанұяларда тәрбиеленуге көмектеседі деп ойлаймын. Көбінде мұндай балалар зейнетақымен күн көріп отырған ата-апаларының қолына көшіп жатады, сондықтан бұл қаражаттың оларға көрсететін әсері зор деп ойлаймын", дейді Зина Ищенова.

Алматы қаласы Білім басқармасының бас маманы Ләззат Бірекееваның айтуынша, ҚР Неке және отбасы заңының 111-ші бабына сәйкес қорғаншы және қамқоршыларға Алматы қаласы бойынша 2011 жылға 211 миллион теңге қарастырылса, 2012 жылға 278 және 2013 жылға 309 миллион теңге бөлінбек. "Алматыда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 927-сі қамқоршылар тәрбиесіне өткен. Ал балалар үйінде 750-ге жуық бала бар. Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалғанымен оларға ата-ананың, отбасының жылуы жетіспей жатады. Сондықтан Үкімет ондай балалардың жақындарының жанұяларында тәрбиеленуіне баса назар аударып отыр", дейді Л.Бірекеева.

Аталмыш шара Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау департаменті, «Шығармашылық бастамашы әйелдер лигасы» ҚБ және тағы басқа ҮЕҰ-дың ұйымдастыруымен өтті.