2011 жылы Қазақстан 88,11 млрд. кВт/с электр энергиясын пайдаланды
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Өткен жылы Қазақстан 88,11 млрд. кВт/с электр энергиясын пайдаланды.
Бұл туралы бүгін елордада «KEGOC» АҚ-ның басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев мәлім етті.
Өткен жылы компания Ресей және Орталық Азия электр желілерімен қатар жұмыс істегендігін атап өткен ол: «Толықтай алғанда 2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы электр энергиясын пайдалану көлемі 88,11 млрд. кВт/с, ал генерация 86,20 млрд. кВт/с болды. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 5,2 және 4,7 пайызға артық», - деді.
Оның атап өтуінше, Кегогтың электр энергияларын беру бойынша қызметтерінің көлемі өткен жылы 183 пайызға артып, 4104 млрд. кВт/сағатты, техникалық диспетчерлеу бойынша көрсетілген қызметтер көлемі 80,81 млрд кВт/сағатты, электр энергиясын өндірістік тұтынуды теңгеру бойынша 145,9 млрд. кВт/сағатты құраған.
«Бұл өткен жылға қарағанда электр энергияларын беру бойынша 18,3, техникалық диспетчерлеу бойынша 6,4, ал электр энергиясын өндірістік тұтынуды теңгеру бойынша 5,4 пайызға жоғары», - деді басқарма төрағасы.