2011 жылы Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2,4 пайызға артты
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - 2011 жылы Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға артты.
Бүгін өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың атап өткеніндей, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 4 триллион 985,9 миллиард теңгені құрады.
«Инвестициялардың 31 пайызы тау-кен өндірісіне бағытталды. Көлік саласына салынған инвестициялардың үлесі 18 пайыз, ал өңдеу саласына шамамен 10 пайыз болды», - деп атап өтті ол.
ҚР Статистика агенттігі басшысының айтуынша, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің артуы елдегі индустрияландыру бағдарламасы аясында жасалып жатқан жаңа жобалардың іске асырылуы есебінен болып отыр.