2011 жылы Қазақстанда жол-көлік апаттарынан 2,7 мың адам көз жұмды - Жол полициясы

АСТАНА. 6 ақпан. ҚпазАқпарат - 2011 жылы республика жолдарында 12 019 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Жол полициясы комитетінің баспасөз қызметі.

2011 жылы Қазақстанда жол-көлік апаттарынан 2,7 мың адам көз жұмды - Жол полициясы

Өткен жылдың 12 айы ішінде 2 707 жол апатынан көз жұмып, 14 мыңнан астам адам жарақат алған.      

Жол полициясының мәліметтері бойынша, 2010 жылмен салыстырғанда қайтыс болған адамдардың саны 3,2 пайызға азайып отыр. Бірақ жарақаттанғандар саны 1 пайызға жуық артқан.

Жол-көлік апаттарының 70 пайыздан астамы қала және елдімекен көшелерінде орын алған. Ал әрбір 5-інші немесе 6-ыншы жол апаты республикалық маңызы бар тасжолдарда орын алатын көрінеді.

«Өлім-жітім санының басым бөлігі осы жолдарға тиесілі. Мәселен, былтыр аталмыш тасжолдарда 2 213 жол апаты орын алып, 1 113 адам о дүниелік болған», - делінген ведомство хабарламасында. 

Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі - жүргізушілердің төмен тәртібі болып отыр. Жүргізушілердің жолда жүру ережелерін өрескел бұзуы салдарынан 10 557 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл былтыр тіркелген барлық апаттардың 87 пайызы. Сонымен қатар жүргізушілердің салғырттығынан 2 476 адам көз жұмды. Бұл жол апатынан қайтыс болғандардың 91 пайызы.