2011 жылы Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты болды
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - Өткен жылы республикалық санитарлық қызметтің жұмысы тұрақты санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз етуге бағытталды, деп хабарлады Pm.kz. сайты.
«Жағдай тұрақты болды. Алдына ала жүргізілген ауқымды шаралардың арқасында оба, тырысқақ сияқты өте қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмеді», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин.
Сонымен қатар, дифтерия, полиомиелит сияқты ауру түрлері де тіркелмеді. Сондай-ақ вирустық гепатиттердің алдын алу бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізілді.
«Жұмыстардың нәтижесінде елімізде вирустық гепатитке шалдыққан науқастар саны 47 пайызға төмендеді. «А» гепатитіне шалдыққандар саны 49 пайызға, «В» гепатитіне шалдыққандар саны 33 пайызға азайған», - деп толықтырды өз сөзін Комитет төрағасы.