2011 жылы құрылыстағы баға 5,4 пайызға өсті

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылы құрылыстағы баға 5,4 пайызға өсті. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.

2011 жылы құрылыстағы баға 5,4 пайызға өсті

Агенттік мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылғы желтоқсанда өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда баға құрылыс-монтаж жұмыстарына 5,6 пайызды, машиналар мен жабдықтарға - 6,6 пайыз, өзге де жұмыстар мен шығындарға  4,3 пайызға өсті.

 Ал жыл ішінде құрылыс ұйымдары сатып алған материалдар, бөлшектер және конструкциялар бағасы 1,9 пайызға қымбаттады. Құм бағасы - 6,4 пайыз, құрылыс малтатасы - 5,5 пайызға, пластмассадан жасалған құрылыс бұйымдары мен ғанышкартон - 5 пайыздан, әк - 4,7 пайыз, ағаш материалдары, қыш тақтайшалар мен тақталар - 3,7 пайыздан, бояулар мен эмальдар, портландцемент - 3 пайыздан, табақты шыны - 2,7 пайыз, линолеум  1,6 пайызға өскен.

Ал, құрылыс жұмыстарына арналған ғаныш бағасы 3,2 пайыз, қара металдардан жасалған раковиналар мен жуғыштар - 2,2 пайызға, лактар - 0,7 пайыз, асбестцементтен жасалған табақтар  0,5 пайызға төмендеді.