2011 жылы қылмыстық баптардың декриминализациясы негізінде 12 мыңға тарта адам бостандыққа шығарылуы мүмкін
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2011 жылы Қазақстанда қылмыстық жазалардың бір бөлігін әкімшілік жаза түріне ауыстыру көзделуде.
Бүгін бұл туралы «Пенитициарлық мекемелердегі қоғамдық бақылау: 2005-2009 жылдардағы қызметке баға беру, одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында Әділет министрлігі Қылмыстық атқару комитетінің төрағасы Мейрам Аюбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М. Аюбаевтің айтуынша, елде 2011 жылы кейбір қылмыстық баптар бойынша декриминализация жүргізіледі деп күтілуде. «Қылмыстық саясат - бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды қолдануға басымдық беретін болады. Қазіргі уақытта біз баптарды саралау жұмыстарын өткізіп, декриминализацияға келетін баптарды анықтап жатырмыз. Бас бостандығынан айыру мекемелеріне түсетін адамдардың саны едәуір азаяды. Түрмелерде жазаларын өтеп жүрген адамдардың саны бойынша Қазақстан әлемдегі елдердің арасында 25-ші орында. Декриминализация жүргізілгеннен кейін бұл көрсеткіш біршама төмендеуі тиіс», дейді ол.
М. Аюбаевтің атап көрсеткеніндей, декриминализация бұл кейбір қылмыстық баптарды әкімшілік баптарға ауыстыру болып табылады. Сондықтан бұрындары қылмыстық баптар бойынша сотталғандардың белгілі бір категориясында жазалары ауыстырылып, бостандыққа шығуы мүмкін. «Бүгінгі таңда пенитициарлық мекемелерде жазаларын өтеп жүргендердің саны 63 мыңды құрап отыр. Декриминализациядан кейін, 12 мың сотталғандар бостандыққа шығарылады», деді М. Аюбаев.