2011 жылы мемлекеттік тілді үйрететін орталық санын 120-ға жеткізу жоспарлануда - Қанат Саудабаев

АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2011 жылы мемлекеттік тілді үйрететін орталық санын 120-ға жеткізу жоспарлануда.

2011 жылы мемлекеттік тілді үйрететін орталық санын 120-ға жеткізу жоспарлануда - Қанат Саудабаев

Бұл туралы бүгін Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қамқоршылық кеңесінің 2-ші отырысында кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы  істер  министрі  Қанат Саудабаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  «Мемлекеттік тілдің дамуы еліміздің болашағының баянды болуымен тікелей байланысты. Сондықтан туған тілдің тағдыры мемлекет тарапынан назардан ешқашан тыс қалған емес, қалмайды да. Қазір еліміздің аумағында мемлекеттік тілді үйрететін 64 орталық жұмыс істейді. Ал 2011 жылы олардың санын 120-ға жеткізу жоспарлануда», деді Қ. Саудабаев.

 Оның айтуынша, тілді дамытуға соңғы бес жылда 5 миллиардтан астам теңге бөлінді. «Бүгінде 25 мыңнан аса ұлты қазақ емес оқушы қазақ мектептерінде білім алуда. 20 мың бала қазақ балабақшаларында барады. 200 жексенбілік мектепте 7 мыңнан астам өзге ұлт балалары қазақ тілін үйренуде», деп атап көрсетті ол.