2011 жылы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында 600-ге жуық тұрғын үй жөнделді
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында 2011 жылы 600-ге жуық көпқабатты тұрғын үй жөнделді.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен жиын барысында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Бөксікбаев мәлім етті.
Оның хабарлауынша, тұрғын үйді жаңғыртудың бірінші бағыты бойынша өткен жылы 99 үйді қамтылса, екінші бағыт бойынша 460 үй жөнделді. Негізі, 2011-2015 жылдарға арналған Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына сәйкес, көппәтерлі тұрғын-үйлердің жаңғырту жұмысы екі бағыт бойынша жүргізіледі.
Бірінші бағытқа сәйкес, республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге, қаржы бөлінгеннен кейін, арнайы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылып, пәтер иеленушілер кооперативі мен жұмысты атқаратын бас мердігермен келісімшарт рәсімделеді. Оған сәйкес, барлық құрылыс жұмыстарының 85 пайызын корпорациялар төлесе, қалған 15 пайызы пәтер иеленушілердің қаражатына атқарылады. Осыдан кейін, белгіленген мерзімнің ішінде үй тұрғындары арнайы жинақ есеп-шотына ақша салып, күрделі жөндеудің барлық шығындарын өтейді.
Екінші бағыт бойынша, ел бюджетінен облыстық әкімдікке 7 жылға 0,1 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Облыс әкімдігі оны қалалық әкімдікке аударады. Содан соң жөндеу жұмыстарын атқаратын мемлекеттік ұйым құрылады. Ол өз кезегінде жекеменшік компанияларды тартып, әкімдіктің берген несиесін қайтарады. Мұнда да пәтер иеленуші азаматтар қаржының 15 пайызын төлеп, артынан барлық сомманы төлейді. Ал әлеуметтік жағынан аз қорғалғандар үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған.