2011 жылы «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ-ы 18 бірегей медициналық технология енгізеді
Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауын талқылауға арналған конференцияда холдингтің басқарма төрағасы Елжан Біртанов мәлім етті.
Қазіргі уақытта Ұлттық медициналық холдингі отандық медицинадағы инновациялық үдерістердің локомотивіне айналды. Өткен жылы холдинг клиникаларында 30 мың адам ем алған.
Оның айтуынша, өңірлердегі тұрғындардың алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибеге және жаңа технологияларға қолжетімділігі болуы үшін Ұлттық медициналық холдингі телемедицина мүмкіндігін кең қолданады.
«2011 жылы холдингке 18 бірегей медициналық технология енгізілетін болады. 180 орынға арналған Кардиохирургиялық орталық пайдалануға беріледі»,-дейді Е.Біртанов.
Оның айтуынша, холдингте тиісті ғылыми, клиникалық, зертханалық практикалардың халықаралық принциптері енгізіледі. Холдингтің барлық еншілес ұйымдарына арналған Бірыңғай оқыту-білім беру орталықтары ашылмақ. Кадрларды даярлау және қайта даярлау үшін атақты әлемдік медициналық орталықтармен әріптестік орнатылады.
Жиынға «Нұр Отан» ХДП-нің Астана қалалық филиалының өкілдері, холдингтің еншілес ұйымдарының қызметкерлері қатысты.