2011 жылы Ұлттық скринингілік бағдарлама 7 млн.-нан астам адамды қамтыды - Денсаулық министрі
АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - 2011 жылы Ұлттық скринингілік бағдарлама 7 млн.-нан астам адамды қамтыды.
Оның ішінде 1,2 млн. адамнан сырқат белгілері табылды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.
Министрдің айтуынша, өткен 2011 жыл Қазақстан медицинасы тарихындағы аса маңызды жылдардың бірі болды. Еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда жоспарланған бірқатар ауқымды жұмыстардың табысты атқарылуы да осы жылы жүзеге асты. «Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласына ерекше мән беріп, Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында осы салаға арнайы тоқталуы да халықтың денсаулығын сақтау, ел азаматтарының өмір жасын ұзарту мәселесінің ұдайы күн тәртібінен түспейтінін айқын көрсетіп отыр. Сонымен қоса, денсаулық сақтау мәселелері мемлектетік саясаттың басымдығы болып келеді және солай қала береді. Бұған Қазақстан Президентінің ағымдағы жылғы халыққа Жолдауында да барынша мән берілді», - дейді Салидат Қайырбекова.
Ведомство басшысының айтуынша, министрлік өзінің қызметінің басты бағдарын азаматтар арасындағы өлім-жітім мен мүгедектің алдын алуға бағыттаған. Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірігу үшін жақсартуы талап етілетін негізгі көрсеткіштер ана мен бала өлімін төмендету, қан айналымы жүйесі ауруларын, онкологиялық, туберкулез және жарақат салдарынан болатын ауру түрлерін азайту болып табылады.
«Осы мақсаттар үшін елімізде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында тұңғыш рет үкіметтік емес ұйымдар арасында 284 млн. теңгенің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстары орналастырылды. Ал ағымдағы жылы әлеуметтік бағдарламаларды орындауға 303 млн. теңге бөлініп отыр. Республика аумағында Ұлттық скринингілік бағдарлама енді. 2011 жылы скринингілік бағдарлама 7 млн.-нан астам адамды қамтыды. Оның ішінде 1,2 млн. адамнан сырқат белгілері табылып, 600 мың адам уақытылы сауықтырумен қамтылды», - дейді С. Қайырбекова.