2012-2013 жылдарға арналған бюджетте этникалық қазақтардың елімізге көшіп келіп, бейімделуі үшін 16 млрд. теңге қарастырылған

ТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2012-2013 жылдарға арналған бюджетте этникалық қазақтардың елімізге көшіп келіп, бейімделуі үшін 16 млрд. теңге қарастырылған.

2012-2013 жылдарға арналған бюджетте этникалық қазақтардың елімізге көшіп келіп, бейімделуі үшін 16 млрд. теңге қарастырылған

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысы барысында Кеңес төрайымы Мәжіліс депутаты Айткүл Самақова осылай мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, жиын «Мемлекеттің оралмандарға қызмет түрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету саласындағы әлеуметтік саясаты» тақырыбында өткен болатын.

Сөз арасында А. Самақова өз қандастарын тарихи Отанына қайтарып отырған Қазақстанның мемлекеттік саясаты арқасында оралмандарға бірқатар маңызды әлеуметтік көмектер көрсетіліп отырғанын тілге тиек етті. Мәселен, Қазақстанға оралған этникалық қазақтардың жұмысқа орналасуына, олардың біліктілігін арттыруға, жаңа кәсіптерді игерулеріне жағдайлар қаралған. Мемлекеттік және орыс тілдерін үйренуге тиісті шаралар қамтылады. Кәсіби және жоғары оқу орындарына түсу үшін квоталар да қарастырылады. Тегін кепілдендірілген медициналық көмектер ұсынылады. Атаулы әлеуметтік көмектер, жәрдемақылар төленеді. Баспанамен қамтуға қаражат бөлініп, бірреткі жәрдемақы төленеді.

«Этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуына, олардың Қазақстан жағдайына бейімделуіне жыл сайын республикалық бюджет шығыстары артып келеді. Мәселен, 2011 жылы бұл мақсатқа 12 млрд. теңгеден астам қаражат жоспарланған. Ал 2012-13 жылдарға бюджеттен 16 млрд. теңге қарастырылады», - деді Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақова. Оның айтуынша, елге келген оралмандар да Қазақстан экономикасына өз үлестерін қосып жатыр. Мәселен олардың үштен екісі өндірістің әртүрлі салаларында қызмет етсе, әрбір төртіншісі ауыл шаруашылығында еңбек етуде.