2012 жылдан бастап Алматы учаскелік дәрігерлермен толық қамтамасыз етіледі
АЛМАТЫ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда медициналық жоғары оқу орындары жеткілікті болса да денсаулық сақтау мекемелерінде мамандар аз.
Бұл жайлы бүгін қаланың 2010 жылғы әлеметтік-экономикалық дамуының қорытындысына арналған мәжілісте айтылды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Еркін Дүрімбетовтың айтуынша, денсаулық сақтау мекемелеріндегі мамандарға деген тапшылықты жою мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінде алқа мәжілісінде қаралған. Онда медициналық университеттерді мемлекеттік тапсырыс бойынша бітірген мамандарды 3 жылға дейін денсаулық сақтау орындарында қызмет жасауға міндеттеу жөніндегі ұсыныс қабылданған. Енді алдағы жылдан бастап денсаулық сақтау мекемелері учаскелік дәрігерлермен толық қамтамасыз етілетін болады.
"Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласына менеджмент енгізу мақсатында №7 ауруханада ілкі жоба жүзеге асырылып жатыр. Онда соңғы 4 айда дәрігерлердің айлығы 20 пайызға өсті. Орташа жалақы 90-100 мың теңгені құрайды. Жалпы, биылғы жылы бюджетте денсаулық сақтау саласына 39 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның 18 миллиарды республикалық бюджеттен бөлінбек", дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы.