17:02, 09 Қыркүйек 2009 | GMT +5
2012 жылдан бастап қазақстандықтар жаңа электрондық төлқұжатты толығымен пайдалана алады - Әділет вице-министрі
АНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - 2012 жылға дейін еліміздегі барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңа электронды төлқұжаттармен жұмыс істеуге қажетті техникамен жабдықталмақ.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Әділет вице-министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М.Бекетаев атап көрсеткендей, жаңа төлқұжаттардың арқасында халыққа қызмет көрсету орталықтарында рәсімделетін барлық құжаттар шұғыл түрде жасалатын болады. «Төлқұжаттағы барлық мәліметтер куәлік иесі толтыратын ресми қағаздардың нұсқасына автоматты түрде түседі. Осыдан кейін төлқұжат иесі тек қосымша тармақтарды ғана толтырып, кез келген өтінішін тез арада бере алады», - дейді М.Бекетаев.
Айта кетейік, жаңа электрондық төлқұжаттың жарамдылық мерзімі - 10 жыл. Оған төленетін мемлекеттік алым сомасы өзгеріссіз, 254,6 теңгені құрап отыр.