2012 жылдан бастап Қазақстанға прокатталатын барлық фильмдер міндетті түрде мемлекеттік тілге дубляжданатын болады
АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2012 жылдан бастап Қазақстанға прокатталатын барлық фильмдер міндетті түрде мемлекеттік тілге дубляжданатын болады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Мәдениет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкіметтік нұсқамен Мәжіліске ұсынылғанда бұл заң жобасында елімізге әкелінетін барлық фильмдер қазақ тілінде тек дыбыстандырылуы тиістігі жазылған болатын. Ал Сенаттағы жұмыс тобында бұл норма күшейіп, барлық фильмдерге қазақ тілінде кәсіби деңгейде дубляж жасалуы керектігі, тек сондай фильмдер ғана прокатталатыны анық жазылды», деді Ж. Құрманғалиева.
Жауапты хатшының айтуынша, бұндай норма тек кинотеатрлардағы прокатқа ғана емес, бейнефильм прокаттарына да қатысты болады.