2012 жылдың шілдесінен бастап қызатын электр шамдарын пайдалануға тыйым салынбақ

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2012 жылдың шілдесінен бастап қызатын электр шамдарын пайдалануға тыйым салынбақ. Бүгін Үкімет отырысында «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң жобасын таныстырған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев осылай мәлім етті.

2012 жылдың шілдесінен бастап қызатын электр шамдарын пайдалануға тыйым салынбақ

«Заң жобасы Қазақстанның экономикасын энергия тиімділігі бойынша қамтамасыз ету үшін энергия үнемдеу саласында ұлттық инфрақұрылым қалыптастыруға негіз қалайды», - дейді Н. Сауранбаев. Оның айтуынша, заң жобасы Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі энергия қамтымдылығын 2015 жылға қарай 10, ал 2020 жылға қарай 25 пайызға төмендетуге бағытталады. Бұл негізінен энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану есебінен жүзеге асатын болады. Бұдан бөлек, заң жобасында энергия үнемдеу жөніндегі реттеу, ынталандыру және әкімшілік шаралары қарастырылады.

«Құжатқа сәйкес, мемлекеттік энергетикалық реестр құру қарастырылады. Онда шартты отынды белгілі бір көрсеткіште балама түрде пайдаланатын энергетика ресурстар субъектілері енгізіледі. Ондай субъектілер жыл сайын энергия ресурстары мен суды тұтынуды жыл сайын энергетикалық аудит қорытындысымен анықталған мөлшерде төмендетуге міндеттелетін болады. Бұдан бөлек, қызатын электр шамдарының сатылымына кезең кезеңімен тиымдар салу көзделеді. Атап айтқанда, 2012 жылдың 1 шілдесінен қуаттылығы 100 ватт және одан жоғары қызатын электр шамдарын пайдалануға тиым салынады», - деді вице-министр.