2012 жылдың соңына қарай ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылу көрсеткіші 40 пайыздан асады
АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанда ағымдағы жылдың соңына қарай ауылдық жерлерде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылу көрсеткіші 43 пайызды құрайтын болады, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ақ бұлақ - 2020» бағдарламасының аясында 2012 жылдың аяғына қарай ауылдық елді-мекендерде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қолжетімділік - 43, су бұру қызметтеріне қосылу - 10 пайыз құрайды», - делінген агенттік баспасөз қызметінің хабарламасында
Ал қалаларда бұл көрсеткішті 90 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Оған қоса, жылдың соңына дейін қала тұрғындарын жеке есептеу құралдарымен қамту көрсеткіші 84 пайызды құрайтын болады.
Сондай-ақ, 2012 жылдың соңына дейін жөндеу жұмыстарына мұқтаж жылу, электр және газбен жабдықтау желілерінің үлестерін 61, 71, 53 пайызға дейін төмендету жоспарлануда.
Жалпы алғанда, ағымдағы жылы еліміздің су шаруашылығы секторында 342 жоба іске асырылады, оның ішінде 104 жоба қалалық сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамытуға бағытталса, 238 жоба ауылдық жерлердегі сумен жабдықтау жүйесін дамытуға бағытталған.
Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынып отырған «Ақ бұлақ-2020» бағдарламасын іске асыру барысында барлық ауылдық елді мекендердің 80 пайызында, қалалық елді мекендердің 100 пайызында орталықтандырылған сумен қамту жүйелеріне халықтың қолын жеткізу, барлық ауылдық елді мекендердің 20 пайызында, қалалық елді мекендердің 100 пайызында халықтың қолын орталықтандырылған кәріз жүйесінің қызметіне жеткізу көзделіп отыр.