2012 жылдың үш айында санитарлық авиацияның тікұшақтары 160 рет көмекке аттанды - Денсаулық министрлігі
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Санитарлық авиацияны үйлестіру орталығы 2012 жылдың үш айында аталмыш авиациялық қызмет түрін 160 рет пайдаланған.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Шығыс Қазақстанда медициналық көмек авиацияның көмегімен 37 рет, Атырауда - 26, Жамбыл облысында 15 рет пайдаланылды. 2012 жылдың үш айында санитарлық авиацияның медициналық қызметкерлері 200-ден астам науқасқа көмек көрсетті. Жоғары мамандандырылған көмек көрсету мақсатында 133 адам облыстық, Астана, Алматы қалаларындағы республикалық клиникаларға жеткізілді.
Осы мерзім ішінде санитарлық авиация дәрігерлері 74 жүкті және босанған әйелге жәрдем жасап, олардың 53-і әуе көлігімен ауруханаларға жеткізілді. Жүкті және босанған әйелдерге көмек көрсету үшін санитарлық авиация Шығыс Қазақстан облысында 15 рет, Оңтүстік Қазақстан облысында - 12, Атырау облысында 11 рет шақырылды. Жаңа туылған сәбилерге, оның ішінде туа біткен дерті бар нәрестелерді құтқару үшін әуе көліктері 20 рет, бала жасындағы патологиядан құтқару үшін 30 рет шақырылып, 40 науқасқа көмек көрсетілген. Жалпы алғанда, санитарлық авиация қызметі жолға қойылғалы бері республикалық үйлестіру орталығы 483 рет көкке көтеріліп, көмекке аттанды.