12:57, 25 Мамыр 2010 | GMT +5
2012 жылға дейін Қазақстанда ЖСН енгізуді толық жүзеге асыруға болады - Ә. Аманбаев
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2012 жылға дейін Қазақстан азаматтарының құжаттарына жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуді толық жүзеге асыруға болады. Бүгін «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне идентификациялық нөмірлер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төрағасы Әмірхан Аманбаев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні Қазақстанда ЖСН енгізілуіне байланысты жеке құжаттарды басып шығаратын машиналардың саны 4-еу ғана. Олардың екеуі Алматыда, екеуі Астанада орналасқан. Сондықтан да бүгінгі күні заңда көрсетілген мерзімде жеке құжаттарды басып шығару үшін аталған машиналардың қуаты жеткіліксіз болып отыр. Бұл үшін тағы да екі машина сатып алу қажет, ал оған кемінде 280 млн. теңге керек. Дегенмен, депутаттар бастама жасағанындай ЖСН енгізу мерзімі 2012 жылға дейін ұзартылатын болса, бұған толық күшіміз жетеді деп ойлаймын», деді Ә. Аманбаев.
Министрліктің деректеріне қарағанда, Қазақстан азаматтарының жеке куәліктері мен электронды төлқұжаттары француздық фирманың машинасында басылып шығатын көрінеді.