2012 жылғы қаңтар-ақпанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 457,2 млрд. теңгеге жетті - ҚР Статистика агенттігі
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат -Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2012 жылғы қаңтар-ақпанда 2011 жылғы қаңтар-ақпанға қарағанда 104,6 пайызды құрады.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ішкі жалпы өнімнің 67-68 пайызын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.
2012 жылғы қаңтар-ақпанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 457,2 млрд. теңгеге жетті, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда 5,5 пайызға артық.
2012 жылғы аталған екі айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 2625,1 млрд. теңгені құрады, бұл 2011 жылғы қаңтар-ақпанға қарағанда 2,8 пайызға артық. Кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда өндіріс көлемі 0,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде - 7,6 пайыз, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 7,5 пайызға артты. Сумен жабдықтауда, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауда - 11,6 пайызға өндіріс деңгейінің төмендеуі байқалды.