2012 жылғы қаңтар-шілдеде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 12,8 пайызға азайды
АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2012 жылғы қаңтар-шілдеде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 2626 адамға немесе 12,8 пайызға азайды және 17974 адамды құрады.
Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті.
Қазақстаннан кеткендер саны да 678 адамға немесе 4,1 пайызға азайып, 15751 адамды құрады.
«Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттеріне тиесілі. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлесі, тиісінше, 15063 (83,8%) және 14952 адамды (94,9%) құрады. 2012 ж. қаңтар-шілдеде ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 1192 адамға немесе 0,6 пайызға азайып, 193601 адамды құрады», - деді агенттік басшысы. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 5 өңірінде байқалды, оның ішінде мөлшері жағынан ең көбі Астана (11743 адам) және Алматы (3571 адам) қалаларында және Алматы облысында (3370 адам).