18:36, 13 Қараша 2012 | GMT +5
2012 жылғы қыркүйекте халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табыстары 7,4 пайызға артты
АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - 2012 жылғы қыркүйекте халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табыстары алдын ала берілген деректер бойынша 50520 теңгені құрап, 2011 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 7,4%-ға артты. Нақты ақшалай табыстар 2,3%-ға өсті. Бұл жайында ҚР Статистика агенттігінің мәліметтерінде хабарланған.
2012 жылғы қыркүйекте жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыстардың көлемі бойынша әлі де Атырау облысы, Алматы қаласы және Маңғыстау облысы алдыңғы қатарда, мұнда осы көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 2,3-1,8 есеге артық.
2012 жылғы қыркүйекте табыстары ең төмен өңірлер қатарында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары белгіленді. Осы өңірлерде халықтың табыс мөлшері республикалық деңгейден орташа 60,9% - 76,7% құрады. Сонымен қатар, халықтың нақты ақшалай табыстарының ең көп өсу қарқыны Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында белгіленді.
2012 жылғы қыркүйекте өңірлер бойынша атаулы ақшалай табыстардың ең жоғары және ең төмен мөлшерлері арасындағы мөлшер арасалмақ 3,7 есені құрады (2011 жылғы қыркүйекте - 3,8 есе).