2012 жылғы тамызда күнкөрістің ең төменгі деңгейі 18 041 теңгені құрады
АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚаАзқапарт - Негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 2012 жылғы тамызда өткен аймен салыстырғанда 6,3 пайызға, 2011 жылғы тамызға қарағанда - 4,1 пайызға өсті.
Бұл жайында ҚР Статистика агенттігі хабарлап отыр.
Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі 21,7 пайызды, сүт, май және тоң май өнімдері мен жұмыртқа - 14,4 пайыз, жемістер мен көкөністерді - 14,8 пайызы, нан және жарма өнімдерін - 7 пайыз, қант, шай және дәмдеуіштерді алуға - 2,1 пайызды құрады.
Айта кетейік, ең төменгі күнкөріс деңгейі - мөлшері бойынша ең төменгі тұтыну қоржынының құнына тең, бір адамға қажетті ең төменгі ақшалай табыс. Ең төменгі тұтыну қоржыны адам тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құндық көріністегі ең төменгі жиынтығы болып табылады. Ол азық-түлік қоржынынан және азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтерге жұмсалатын шығыстардың бекітілген үлесінен тұрады. Азық-түлік қоржынына 43 тамақ өнімдерінің атаулары кіреді. Күнкөрістің ең төменгі деңгейін есептеуге арналған аз тұтынылатын азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың белгіленген үлесі ең төменгі тұтыну қоржыны құнының 40 пайыздық мөлшерінде белгіленген.
Күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы Қазақстан Республикасының (1999ж. 16 қарашадағы №474-I) «Ең төмен күнкөріс деңгейі туралы» Заңының нормаларына сәйкес есептелінеді.