2012 жылы Астанада «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы үш бағыт бойынша іске асырылады

деп хабарлады Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығының директоры Аманжол Әбдірахманов Pm.kz сайтына берген сұхбатында.
«2012 жылы Бағдарламаның бірінші бағыты - азаматтарды оқыту және еңбекпен қамту бойынша жұмыс жалғасады. Осылайша, ағымдағы жылы 1733 адам оқытылады. 2012 жылдың 25 ақпанындағы жағдай бойынша, 66 адам оқуға кірісті», деді А.Әбдірахманов.
Ал жастар тәжірибесін ұйымдастырудың аясында 300 адамды жұмысқа тұрғызу үшін республикалық бюджеттен 55,7 млн. теңге бөлініп отыр.
Жалақыны жартылай субсидиялау шартымен әлеуметтік жұмыспен қамту бойынша да жұмыс әрі қарай жалғастырылады. Ағымдағы жылы 55 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылмақ.
«Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды қолдаудың аясында ұйымдастыру жұмыстары қолға алынуда, бағдарламаның 30 әлеуетті қатысушысына кәсіпкерлік негіздерін оқыту және микронесиелер беру жоспарлануда. Үшінші бағыт - еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шараларының аясында жұмыссыз, тұрмысы төмен және өз-өздерін жұмыспен қамтып отырған азаматтардың қатарынан 108 отбасыны қоныс аудару үшін көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда», деп атап көрсетті елордалық Жұмыспен қамту орталығының директоры.