2012 жылы Астанаға жарты миллионнан астам турист келді
АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Астананың туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының алдын ала мәліметі бойынша өткен жылы елордаға 522,9 мың турист келіп, оның ішінде 117,5 мыңы шетелден сапарлағандар.
Жыл ішінде туристер саны 43,9 мың адамға немесе 9,2 пайызға артқан көрінеді.
Астана әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, сонымен қатар сыртқа шығатын туризмнің де көрсеткіштері жоғарылады. Егер де 2011 жылы ол 24, 2 мың адамды құраса, 2012 жылы 27,3 мыңға жетіп, 12,8 пайызға артық болды.
Бұдан бөлек, қонақ үйлердің толығуының көрсеткіштері келімді туризмнің тұрақты өсімін байқатуда. Бүгінде Астанада 172 қонақ үй қызмет көрсетуде. Олардың нөмірлік қоры 7 162 орын көлемінде 5 124 нөмірді құрап отыр.
Туризмнің оңтайлы қарқыны көбінесе жергілікті атқарушы органдар мен туризм саласында үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен сәтті жұмыстарының арқасында мүмкін болуда. Қазіргі кезде қалада 169 туристік фирма жұмыс істейді.